Өңірде кезекті бір нарколаборатория жойылды. Мефедрон синтетикалық есірткісінің өндірісі Іле ауданындағы үйлердің бірінде болған.
«Қылмыстық бизнеспен айналысқан ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар жалға алған үйден 2 келіден астам ұнтақ зат, 7 литр сұйықтығы бар шыны құты, канистрлерге құйылған шамамен 40 литр химиялық заттар, 7 келі ұнтақ түріндегі химиялық заттар және синтетикалық есірткі өндірісінде пайдаланылатын құрал-жабдықтар табылды», – деді ведомствоның ресми өкілі.
Күдіктілер өндіріс нұсқауларын интернет арқылы, ал шикізатты «закладка» арқылы алып отырған.
«Ұсталғандардың айтуынша, «жұмыс беруші» оларға синтетикалық препараттың әрбір килограмы үшін 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беруге уәде берген», – деді Шұғыла Тұрлыбек.
Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Қылмыстық іс қозғалды.