Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғы Жаңаталап ауылының маңындағы шаруа қожалықтарының бірінде тіркелді. 26 қыркүйекке қараған түні ферма аумағында зорлық-зомбылық белгілері бар 35 жастағы әйелдің денесі табылды.
Жәбірленуші өзінің 47 жастағы азаматтық жұбайымен бірге жергілікті кәсіпкердің біріне жұмыс істеп, оның малын баққан.
«Ерлі-зайыптылар бір күн бұрын қонақтарды күткен, олар кеткеннен кейін араларында жанжал туындаған. Қонақтардың біріне әйелін қызғанған ер адам оны аяусыз соққыға жыққан, салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды», – делінген ведомство хабарламасында.
Жәбірленушінің жұбайын полиция қызметкерлері ұстап, қамаққа алды. Аталған дерекке сәйкес, тергеу ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр.
Айта кету керек, өңірде жыл басынан бері тәртіп сақшылары 563 отбасылық жанжалқорларды анықтап, жазалады. Олардың 97-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.