Соңғы қоңырауы мен бірінші қыркүйегі мейрамханада өткен ата-аналар келер жылға дейін мәселе шешілмей ме деп алаңдайды. Өйткені, оқу маусымы жақындағанда мектеп әкімшілігі балалардың көрші ауылға барып оқитынын айтқан. Оған жағдай да жасалған көрінеді.
«Автобус бөлінді. Бүгін жиналыста айтыпты. 4 автобусқа 111 адамды сыйғызамыз, күтіңіздер, шыдаңыздар», – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Зульмира Мәмиева.
Оқушылар әлі онлайн оқып отыр. Ал кемі 20 шақырым болатын көрші ауылдарға баланы күн сайын апарып-әкелу оңай емес. Мәселені тиісті органдардың алдында ашық айттым деген мектеп басшысы күтуден басқа амал жоқ деп отыр.
«Бізге автобустар болады» деп айтқан болатын. Осы уақытта біз ата-аналардың бәрін дайындап, бүгін сағат 14:30-да 3 мектепке балаларды апару керек болғанбыз. Автобус шықпайтынын айтты», – деді №21 мектептің директоры Қуан Айтбаев.
Автобустың шықпайтынын айтқан аудан маманы мұның бәрі тендерге тікелей қатысты дейді.
«Облыстық ішкі аудит лицензияның жоқ болуына байланысты жариялаған ұсынысымызды тоқтатты. Келісім-шартқа қол қойылған жағдайда оқушыларды мектепке апарады», – деді Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаева.
Оқу жылының басталғанына 1 айға жуықтады. «Бұл мәселе жазда-ақ шешілуі тиіс еді» деген ата-аналар нақты жауапты әлі де ала алмай келеді.
Мектеп 1967 жылы салынған. Биыл 17 мамырда басталған күрделі жөндеу жаңа жылға дейін бітуі керек. Жоспар солай. Ал 1505 бала оған дейін басқа мектепке бара тұра ма, жоқ құрылыстың аяқталғанын күте ме, оны әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.