Премьер-Министр Әлихан Смайылов аталған оқиғаның келешекте қайталанбауы үшін бірнеше нақты министрлікке тапсырма берді.
«Бұл өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет», — деді үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керектігін айтты.
«Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін нақты білуі тиіс», — деді ол.
Еске салсақ, Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке қаруланып келіп, бірнеше баланы жарақаттаған болатын.
https://www.alataunews.kz/oqigha/petropavlda-9-synyp-oqwshysy-mektepke-qarwlanyp-kelip-birneshe-balany-zharaqattady/