Қызылту ауылының тұрғыны, 1946 жылы туған Молдабек Игенбаев 5 қаңтарда үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Іздеуге полицейлер мен еріктілер, атты ауыл тұрғындары атсалысты.
Қарияның суретін көтерген тәртіп сақшылары әрбір үй, дүкен, адамдар көп шоғырланатын орындардан сұрастырып, сондай-ақ қараусыз қалған ғимараттар, оқиға орнына жақын аумақтағы тау-тас, ой-қыр, егістік алқаптары түгел қаралып, жіті тексерілді.
Өкінішке орай жоғалған қарияның мәйіті 8 қаңтарда сағат 17:00 шамасында «Шүрен төбе» егістік алқабынан табылды. Ер адамның денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.