Әйелді күйеуі бірнеше рет ұрып-соққан, мұны полиция тергеу кезінде дәлелдеген және нәтижесінде сот үкім шығарған кезде осы дәлелдерді ескерді. Бұл дерек 5 қаңтар күні тіркелді.
Пышақпен қаруланған ер адам бұрынғы жұбайын үйдің маңында күтіп жүріп, оның бетін, мойнын және денесінің басқа да бөліктерін қатты жарақаттаған. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Онда ол ұзақ уақыт дәрігерлердің бақылауында болды.
Оқиға орнынан жасырынған күдіктіге көп ұзамай халықаралық іздеу жарияланды.
«Іздеуде жүрген адам Қостанай облысының аумағында жасырынып, ол жерде ұсталып, Талдықорған қаласына жіберілді. Қылмыстық іске бірнеше сараптаманың нәтижелері қоса тіркелді. Тергеу аяқталғаннан кейін айыптау қорытындысы бар материалдар қалалық соттың қарауына жіберілді», – деді Талдықорған ҚПБ бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.
Сот үкіміне сәйкес 31 жастағы ер адамға жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Мен осы іске адал қараған тергеуші Жасұлан Жаманбаев пен басқа да қалалық полиция қызметкерлеріне өте ризамын, қылмыскер жазаға тартылды. Мұндай жұмыс халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырады. Полиция қызметкерлері арасында өз ісін жақсы білетін мамандардың көп болуын шын жүректен тілеймін», – деп атап өтті жәбірленуші.