Деректі былтыр қарашада жәбірленуші қыздың мектеп мұғалімдері анықтаған, деп хабарлайды Alataunews.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бала әлеуметтік желідегі парақшасында өгей әкесі тарапынан жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерге байланысты суицид жасағысы келетіні туралы ақпарат жариялады. Кейін мұғалімдер қыздың анасын мектепке шақырды. Анасы полицияға ресми арызбен жүгінді.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ұсталып, қамаққа алынды.
«49 жастағы ер адамның 2002 жылы Атырау облысында осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемесінде өтегені анықталды. Күдіктінің осы бап бойынша соттылығы туралы жұбайы білмеген. Тергеу барысында күдіктінің қызды бірнеше рет зорлағаны дәлелденді. Жыныстық зорлық-зомбылық баланың 8-9 жасынан басталғаны анықталды. Ер адам қылмыс жасағанын мойындады. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді», – деді Жетісу облысы ПД Тергеу басқармасының басшысы Руслан Чарапиев.
Педофил бойынша істі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады, оның шешімімен айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталған адам жазасын төтенше қауiпсiздiк түзеу мекемесiнде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне енді.