Оқыс оқиға 5 қыркүйекте сағат 22:00 шамасында болған. СҚО көпсалалы балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, 3 жасар қыздың ағасы шөп шабатын электршалғымен ойнаған. Оны жүргізіп жүріп, бұта арасындағы қызды байқамай қалған. Салдарынан қарындасының қарын тұсынан осып өткен.
«Тілік оң жақ қабырға бойынан басталып, сол жақ арқасына дейін болған. Баланың ішектеріне, асқазанына, бауырына зақым келді. Асқазаны мүлде екіге бөлінген, бауырының бір бөлігін тіліп түскен, ол қарнында бөлек жатты. Бүкіл ішектері бірнеше жерден кесілген болды. Қызды аман алып қалғанымызға қатты қуандық. Бұл ең алдымен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның, Явленка аудандық ауруханасының білікті мамандарының арқасы. Олар тез арада дұрыс шара қолданып, жағдайды тұрақтандырып, қажетті дәрі-дәрмек беріп, ауырсынуды басты. Аудандық аурухананың реаниматологы жағдайды бақылауда ұстап, қажетті анестезиялық-реанимациялық жұмысты жоғары деңгейде жүргізді. Қыздың қысымы 0-де болған. Ол маңызды мүшелердің жұмысын қалыпқа келтіріп, санитарлық авиацияға тапсырды», — дейді Нұрлан Айманов.
Сағат 00:00 кезінде санавиациямен облыстық балалар ауруханасынан барған дәрігерлер операция жасауға дайын тұрды. Үш адамнан тұратын бригада 5 сағатқа жуық ота жасап, қыздың асқазанын тігіп, қалыпқа келтірді.