Полицияның жазуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол жүру ережелерін өрескел бұзу оқиғалары азаяр емес, салдарынан Қарағанды облысында соңы адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы орын алды.
«19 қыркүйек күні сағат 19:30 шамасында Ақтоғай ауданында Алматы – Екатеринбург тас жолында Сарышаған кентінен 30 шақырым жерде МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан екі автокөліктің жүргізушісі мен автобустың бір жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапса, автобустың тағы бір жолаушысы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды», – делінген полиция мәліметінде.
Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 11 жолаушы болған.
«Аталған факті полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – дейді ведомство.
Қарағанды облысының Полиция департаменті көлік жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолдағы сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді.