11 қаңтарда таңғы сағат 7 шамасында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың балалар оқу-сауықтыру орталықтарының бірінде қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті.
14 жасар бала Ақтөбе облысынан Бурабай лагеріне 9 қаңтарда келген.
«11 қаңтарға қараған түні жасөспірім іші ауыратынын айтып шағымданған. Сырқаты күшейіп, таңғы сағат 05.00 шамасында лагердің медициналық бөліміне жүгінген. Жедел жәрдем шақырылған, алайда бала фельдшерлер келгенге дейін қайтыс болды», — деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Баланы тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ. Жасөспірімнің қайтыс болу фактісі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді, тиісті сараптамалар тағайындалды.
«11 қаңтарда қайтыс болған жасөспірімнің өліміне анемия себеп болғаны анықталды. Негізі бала кіші жамбастың қатерлі ісігіне шалдыққан. Метастаза денеге тарап кеткен», — деп толықтырды ведомство.