Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, оқиға бүгін болған.
Атырау қаласының маңындағы жұмыскер полицияға жергілікті уақыт бойынша сағат 11:14-те екі адамның Жайық өзенінің мұзы ойылып, суға түсіп кеткенін хабарлаған.
Оқиға орнына облыстық полиция департаменті балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің инспекторлары, полиция капитаны Жеткіншек Иманғалиев пен полиция аға сержанты Айбат Жауымбаев жетіп, өзенге батып бара жатқан бір адамды арқанмен ұстап қалған.
«Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен полиция қызметкерлері Жайық өзеніне түсіп кеткен 1974 жылғы ер адамды құтқарып қалды. Құтқарылған адам облыстық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қазір Жайық өзеніне түсіп кеткен 1975 жылғы ер адамды су астынан іздестіру жалғасып жатыр.