Ауа райының нашарлауына байланысты Алматының тәртіп сақшылары жолға шыққан жүргізушілерді қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды.
«Бұл үндеу қауіпті қозғалыс құралын басқаратын қала жүргізушілеріне арналған. Біз оларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жүргізуші мәдениетін танытып, зейінділігін арттыруға шақырамыз. Бұл үндеу қазір өте өзекті және қала жолдарында қайғылы оқиғаларды болдырмауға септігін тигізеді», – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
16 қараша таңғы сағат 08:00-ден 17 қараша таңғы сағат 08:00-ге дейін Алматы қаласында 136 ЖКО тіркелді, оның 26-сында зардап шеккендер бар. Адам шығыны жоқ.
«Сонымен қатар ауа райының нашарлауына және қар жауғанына, ауа температурасының минус деңгейге дейін төмендеуіне байланысты, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен көлік иелеріне көліктерінің дөңгелектерін қысқы мезгілге арналған дөңгелектерге ауыстыруларын сұраймыз», – деді Ұзабаев.