Республикалық жедел-құтқару жасағының мәліметінше, Алматы облысы, Жамбыл ауданы Арасан-Қорасан шатқалында 38 жастағы әйел аяғын сындырып алғаны туралы хабар келіп түсті.
«ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының тобы көмекке жіберілді. Отряд базасынан оқиға орнына дейінгі қашықтық – 124 шақырым», — деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Құтқарушылар 10 қыркүйек күні сағат 18:47-де шақыру орнына және 15 минуттан кейін зардап шеккен адамға жеткен. Олар әйелді екі сағат ішінде тау-кен құтқару зембілінің көмегімен жедел медициналық жәрдем көлігіне дейін тар, тік жолмен алып барды.
ТЖМ құтқарушылары тауға бір күнге болса да шығатын туристерге таулардағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын зерттеуі керек екенін ескертті.