Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілдерінің тұратыны баршамызға белгілі. Тек қана өмір сүріп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, ұлттық құндылықтарымызды да бір адамдай дәріптеп келеді. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі.
Бір байқағанымыз қазіргі уақытта, елімізде қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейген. Бұл біздің басты жетістігіміз. Сонымен қатар, тек мемлекеттік тілде сөйлеп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да ұстанатындар аз емес. Бұл олардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі.
Осы тұста Alataunews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ басшысының орынбасары Гүлмира Әбілқасымқызы Дусанбаевамен пікір алмастық.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта өз еркімен мемлекеттік тілді оқуға ниет білдіретін өзге ұлт өкілдері көп екен.
«Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығындағы мемлекеттік тілді оқыту курсына тыңдаушылардың басым бөлігі өз еріктерімен тіл үйренуге ниет білдіріп келгендер. Ал олардың басым бөлігі этнос өкілдері. Сонымен қатар, қызмет талабына сәйкес курсқа жіберілген тіл үйренушілер де бар. Өз еркімен, ниетімен келмегендіктен оларға тіл үйрену қиынға соғатыны анық. Оларға мемлекеттік тілдің маңызы мен қажеттілігін түсіндіру мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Сабақтарда заманауи технологиялар мен көптеген ойын түрлерін қолданып, барынша қызығушылықтарын оятамыз», — деді Гүлмира Әбілқасымқызы.
Этностық топтарға мемлекеттік тілді оқытудың маңыздылығы қандай?
Бүгінгі күні мемлекеттік тіліміздің ұлтаралық қатынас тіліне айналуына барлық жағдай жасалған. Азаматтарыдың өз ана тілін білуімен қатар өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін білуі ел бірлігі мен татулығын дамытуда маңызды қызмет атқарады. Президентіміз өз жолдауында мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру – тек қазақтардың ғана мәселесі емес, еліміздің әр азаматының атсалысатын мәртебесі екенін атап көрсетті. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан жерінде көптеген ұлт және ұлыс өкілдері өмір сүреді.
Тіл маманының айтуынша, қазіргі уақытта, мемлекеттік тілді барша қазақстандыққа үйрету алға қойылған. Тұрғындарға мемлекеттік тілді үйренуді қолжетімді ету мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік тілді тегін оқыту курстары жұмыс істеп жатыр. Курста дәріс беретін оқытушылардың білім, білік дағдыларын жетілдіру мақсатында көптеген біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, ғылыми конференциялар өткізілуде.
Гүлмира Әбілқасымқызы бізге этносаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тілді оқуға үгіт-насихат жұмыстарының қалай жүргізілетіні жайлы айтып берді.
«Өз еркімен тіл үйренуге келген тұрғындар курсқа алдын-ала жазылған туысы немесе досы, танысы арқылы келіп жатады. Сондай-ақ, адамдар көп жиналатын қоғадық орындарда (дәріхана, банк, дүкен, аурухана) орталық қызметкерлері әзірлеген тіл үйренуге арналған плакаттар ілінді. Плакатта тіл оқу орталығының әлеуметтік желідегі парақшаларына өтуіне ыңғайлы QR код орналастырылған. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі жергілікті тұрғындар көп қарайтын парақшаларға жарнамалар тұрақты беріліп тұрады. Айтулы күндерге орай тұрғындар арасында көптеген сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, орталық туралы ақпарат та беріледі», — деді ол.
Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірін оқырманға таныстыруды жөн көрдік.
Ол Линцова Антонина Александровна, облыстағы мектептердің бірінде математика пәнінің мұғалімі. Ұлағатты ұстаз осыдан екі жыл бұрын қазақ тілін меңгеруге өз еркімен ниет білдіріп, аталған орталыққа оқыту курсына жазылған екен. Оның айтуынша, ол қазақ тілінде түсінетін бірақ сөйлей алмаған екен. Мемлекеттік тілді меңгеруді базалық деңгейде бастаған ол, қазір қазақ тілін жоғары деңгейде оқып жатыр екен.
«Мектепте ұстазымның арқасында грамматиканы жақсы меңгеріп, қазақша сөйлеуді түсіндім. Бірақ, өкінішке орай, мен сөйлей алмадым. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында тамаша мұғалімдер жұмыс істейді. Солардың арқасында А1, А2, В1 деңгейлеріндегі курстарды өттім. Қазір мен В2 деңгейіндегі курстарда оқуымды жалғастырып жатырмын. Маған мемлекеттік тілге қатысты түрлі байқаулар мен іс-шараларға қатысқан ұнайды. Мен қазақ тілін күнделікті өмірде қолдана бастағанымды мақтан тұтамын. Таксиде, дүкенде, әріптестермен қазақша сөйлесемін. Мен өзімнің балама да, жақындарым мен оқушыларыма да қазақ тілін білудің маңыздылығын үнемі айтып отырамын. Біз Қазақстанда тұрамыз. Соныдақтан қазақ тілін білуіміз керек. Бұл біздің жауапкершілігіміз», — дейді Антонина Александровна.
Сонымен қатар, ол қазір қазақша үйренгісі келетін адамдарға қазақ тілін тегін қосымшалар, тіл курстары, тіл үйірмелері сияқты көптеген мүмкіндіктер жеткілікті екенін тілге тиек етті.
Біз Антонина ханымнан ана тілін білмейтін немесе біле тұра сөйлемейтін адамдар жайлы да пікірін сұрап көрдік. Оның сөзінше, қай тілде сөйлеу әркімнің өз таңдауы шығар, бірақ әрбір адам мемлекеттік тілді білуге міндетті!