Жақында Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында Атом электр стансасының құрылысы салынғалы жатқаны баршамызға белгілі. Осыған байланысты біз халықтың көкейінде жиі туатын маңызды сұрақтарға мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасынан алынған ақпаратқа сүйеніп, жауап беріп көрдік.
АЭС энергетикалық тұрақтылыққа қалай әсер етеді?
Қазақстанда АЭС салу энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды шешім болып саналады.
Балқаш көлінің жағалауындағы жоба еліміздің бірнеше өңірінде энергия тапшылығын болдырмауға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. АЭС электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді Жфй фәне 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көмектеседі.
Бұл елдің мүддесі мен Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келеді.
АЭС құрылысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады ма?
Қалыптасып кеткен халықаралық тәжірибеге сәйкес, АЭС құрылысын МАГАТЭ және WANO секілді беделді халықаралық ұйымдар бақылайды, бұл қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.
Қазақстан АЭС салушы-тараптарға тәуелді болады ма?
Қазақстанда АЭС салуға мердігерді таңдау экономикалық негізділік, технологиялық сенімділік, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық стандарттарға сәйкестікке негізделетін болады.
Жоба ұлттық ядролық энергетиканы дамытуға және жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Бұл мәселе саяси емес, таза коммерциялық болып табылады және таңдалған компания немесе компаниялар тобы станцияның жұмыс істеуіне қатыспайды, тек құрылыспен айналысатын болады.
Қазақстанда қажетті кәсіби кадрлар бар ма?
Қазақстанның ғылыми институттары да, жоғары білікті мамандары да бар. Сонымен қатар, АЭС пайдалану үшін кадрларды белсенді даярлау жалғасуда. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында атом саласы үшін кадрлар даярлау қазақстандық жоғары оқу орындарында 5 білім беру және екі дипломдық бағдарлама (Ядролық физика, ядролық инженерия, ядролық физика және атом энергетикасы, теориялық ядролық физика) негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар, Қазақстан шетелдік әріптестермен ғылыми-білім беру базасын дамытуда. Тәжірибе алмасу және кадрлық әлеуетті арттыру үшін Франция, Ресей және Венгриямен бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес орта есеппен екі блокты АЭС салу 8 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, ал АЭС пайдалану кезеңінде жоғары және арнаулы орта білімі бар шамамен 2 мың адамнан тұратын персонал қажет. Бұл ретте ядролық мамандықтар бойынша білімі бар станция қызметкерлері жалпы персоналдың шамамен 20%-ын құрайды.
Электр энергиясының тарифтері тұрақты бола ма?
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері белсенді дамып келеді, олардың тиімділігі әртүрлі факторлардың үйлесуіне байланысты. Электр желісінің тұрақтылығы үшін көмір және атом станциялары сияқты сенімді тұрақты базалық көздер қажет. АЭС құрылысы электр энергиясының тапшылығын қысқартуға, тарифтердің өсуін тежеуге, экологияны жақсартуға және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге қол жеткізудің сенімді тәсілі, өйткені көмір станцияларының экология мен адам денсаулығына әсері теріс. Атом энергетикасы барлық параметрлердің, соның ішінде электр энергиясының құны бойынша оңтайлы таңдау болып табылады.
Сонымен қатар, атом энергиясы отын импортына тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етеді, бұл электр энергиясының бағасын бақылауда ұстауға көмектеседі. Ұзақ мерзімді перспективада АЭС пайдалану шығындары салыстырмалы түрде төмен, бұл да тарифтерді тұрақтандыруға ықпал етеді.
АЭС орнына көмір станциялары мен жаңартылатын энергия көздерін салу тиімдірек емес пе?
Көмір және газ станцияларының экология мен халықтың денсаулығына әсеріне байланысты тұтынудың өсуін, ескі станциялардың тозуын және көмір мен газ көздеріне үнемі енгізілетін халықаралық шектеулерді ескере отырып, жаңа шешімдерді енгізудің маңызды қажеттілігі туындайды.
Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерінің тұрақсыздығы оларды негізгі деп санауға мүмкіндік бермейді, бұл ЖЭК-ке сүйену өнеркәсіптік өсудің төмендеуіне және экономикалық проблемаларға әкелген көптеген елдердің тәжірибесімен расталады.
Атом энергетикасы сапалы және тиімді энергиямен қамтамасыз етудің тұрақты және «жасыл» нұсқасы ретінде қарастырылады. Жаһандық трендтер мен Өзбекстан сияқты көрші елдердің үлгісі жағдайында АЭС құрылысы энергетикалық дамуда тәуелділік пен артта қалушылықты болдырмау үшін Қазақстан үшін өзекті болып отыр.
АЭС-ты қамтамасыз ету үшін уран қоры жеткілікті ме?
Қазақстан уран қоры жөнінен дүние жүзінде екінші орында және ол дүние жүзіндегі қордың шамамен 14%-ын қамтиды. 2009 жылдан бері Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын өндіріп, уран өндіруде әлемдік көшбасшы болып табылады.
Елімізде 900 мың тоннадан астам уран бар, бұл атом электр станцияларын алдағы ұзақ жылдар бойы отынмен қамтамасыз етеді.
Міне сондықтан да халықаралық сарапшыларында осындай қоры мен ғылыми әлеуеті бар Қазақстан неліктен әлі күнге дейін АЭС салмай жатыр деген сұрақ туындайтын.
Неліктен Жапония ұсынысын ықтимал жеткізуші ретінде қарастырмадыңыз?
Қазақстан ядролық технологияларды әлемдік жеткізушілердің
6 технологиясының техникалық-коммерциялық ұсыныстарын, оның ішінде американдық Nuscale Power (Nuscale реакторы) компаниясының және американдық-жапондық General Electric-Hitachi (BWRX-300 реакторы) компаниясының шағын модульдік реакторларын қарастырды. Жапондық компаниялардан басқа ұсыныстар түскен жоқ.
Қазақстандағы алғашқы АЭС үшін пайдаланудың оң тәжірибесі бар тексерілген реакторларға артықшылық берілді. Әлеуетті жеткізушілердің «шорт-тізіміне» CNNC (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200 реакторы), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400, APR-1000 реакторлары) және «EDF» (Франция, EPR-1200 реакторы) компаниялары кірді.
Сонымен қатар қазіргі уақытта шағын модульдік реакторлар референттік емес, яғни оларды пайдалану тәжірибесінің жоқ екенін атап өткен жөн. Үлкен қуатты реакторлардан айырмашылығы, перспективалы аз қуатты реакторлардың көпшілігі құрылысқа рұқсат алу үшін реттеуші органдардың мақұлдауын алу сатысында не лицензиялау процесінде. Алғашқы осындай реакторларды пайдалануға берудің жақын күні 2030 жылдан бұрын күтілмейді.
Осыған байланысты бұл шағын модульдік реакторлар әлеуетті жеткізушілер тізімінен шығарылды.