Баламен жол жүргенде білуіңіз керек:
- Егер жеке орынды қажет етпесе, 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін ертіп жүре аласыз.
- Егер балаға жеке жатын орын қажет болса, балалар билетін сатып алу керек (ересектер билеті құнының — 50%).
- Бір ересек адам, 7 жасқа дейінгі бір баланы ғана тегін ертіп жүре алады. Басқаларына балалар билетін алу қажет.
- 7 жастан 15 жасқа дейінгі жолаушылар пойызға балалар билетімен кіргізіледі.
- 15 жастан бастап, ересектерге арналған билет сатып алу керек. Олар пойызда өз бетінше саяхаттай алады. Бірақ өздерімен бірге заңды өкілінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімі болуы керек.
- 15 жасқа дейінгі балалардың ұйымдасқан топтарын тасымалдау үшін арнайы ережелер бар. Топты әр 10 балаға бір ересек адам және бүкіл топқа бір медициналық қызметкер алып жүруі керек. Кәмелетке толмаған балаларды алып жүру үшін ата-анасынан нотариалды куәландырылған сенімхат болуы тиіс.
Халықаралық тасымал үшін келесі ережелер қолданылады:
- 5 жасқа дейінгі балалар орынсыз тегін жүре алады;
- 5 жастан 10 жасқа дейінгілер балаларға арналған тарифпен саяхаттайды;
- 10 жастан 15 жасқа дейінгі балалар толық тариф бойынша саяхаттайды.
МАҢЫЗДЫ
— Егер, бала ата-анасымен бірге саяхаттаса, онда билет сатып алу және пойызға отыру кезінде туу туралы куәлікті немесе баланың төлқұжатын көрсету қажет.
— Егер, бала заңды емес өкілмен бірге жүрсе, онда пойызға отыру кезінде ата-анасының екеуінен де нотариалды куәландырылған рұқсат қажет.
Жануармен бірге жолға шықсаңыз есте сақтаңыз:
- Жолаушылар пойызында тек үй жануарларын тасымалдауға рұқсат етіледі. Олардың саны екіден аспауы керек (мысықтар, иттер, құстар).
- Үй жануарлары мен құстарды тасымалдауға тиісті ветеринариялық паспорттар немесе анықтамалар болған кезде ғана рұқсат етіледі. Оларды пойызға отырғызу кезінде көрсету керек.
- Үй жануарымен бірге пойызда саяхаттағыңыз келсе, купені толығымен сатып алуыңыз қажет. Бұл жануарларға аллергиясы бар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үшін қажет.
- Үй жануарлары үшін тек иелері жауап береді. Олар жануарларды торда, қорапта немесе себетте ұстауы керек, станцияларда, пойызға отырғызу/шығу кезінде, сондай-ақ пойыздың өзінде бақылауы керек. Үй жануарларына тамақ берген соң артын тазалауы керек.
- Үлкен иттерге тұмылдырық пен қарғыбау кигізу керек.
- Үлкен иттерді алып жүрсеңіз жол жүру құны жануардың салмағына қарай багаж тарифі бойынша төленеді. Ірі иттер тек бірінші вагонның жұмыс істемейтін тамбурына орналастырылады. Үй жануарларының иесі оны алып жүруге және сапар кезінде қауіпсіздікке толық жауап береді.
- Зағип иесін алып жүретін бағыттаушы иттер вагонның кез келген түрінде жүре алады. Ол үшін қосымша ақы алынбайды.
- Жануарлармен бірге мейрамхана вагонға кіруге рұқсат етілмейді.
Пойызбен саяхаттағанда тағы нені білу керек?
- билет құнына, тасымалдау Ережесіне сәйкес, келесі қызметтер міндетті түрде кіреді:
- вагон мен купенің салонын қажетіне қарай, бірақ тәулігіне екі реттен кем емес, ал жуынатын бөлмелер мен дәретхананы бірақ тәулігіне төрт реттен кем емес жинау;
- купе, жатын вагондарда, сондай – ақ плацкарт вагондарында (6 сағаттан аса жол жүрсеңіз міндетті түрде, ал 6 сағаттан аз жол жүрсеңіз қалауыңыз бойынша) бүкіл жүру жолына төсек-орын жабдықтарын (матрац, жастық және көрпе) және төсек-орын жиынтығын (екі жайма, жастықтың тысы және сүлгі) беру;
- медициналық алғашқы көмек жинағын пайдалану, алғашқы көмек көрсету, жақын стансаға шұғыл жедел-жәрдем қызметін шақыру;
- нормаға сәйкес, дәретхана керек-жарақтарымен қамтамасыз ету;
- қайнаған сумен қамтамасыз ету (оның ішінде «Talgo», «Тұлпар-Тальго» фирмаларының поездарында ыстық және суық суы бар диспенсерді пайдалану);
- жолаушы сатып алған орын орналасқан купе ішінде ұялы телефондарды зарядтау (егер вагонның зауыттық конструкциясында көзделген болса және электр схемасында көзделген ток кернеуінің қажетті деңгейі болған жағдайда).
- Жол жүру жолында діни рәсімдерді өткізу үшін жолсеріктің қызметтік купесін 10 минутқа пайдалануға рұқсат етіледі.
Теміржол көлігімен тасымалдау ережелерін бұзсаңыз, егер теріс салдарға әкеп соқпаса, ең төменгі жаза – 5 АЕК айыппұл (2024 жылы 18 460 теңге).