Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қызылшекара ауылында орналасқан «Алтын Дән-1» агроөнеркәсіптік кешені халықаралық PepsiCo компаниясымен келісімшарт орнатқан облыстағы жалғыз шаруашылық. Картоп өсіруден көш бастап отырған кешен бидай өндірісінде де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде.

Кәсіпорында 50 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық кезеңде 70-80 ауыл тұрғыны еңбекпен қамтылады. Шаруашылықтың техникасы да жеткілікті: қолданыста отандық және еуропалық 15 трактор мен 32 түрлі агрегат бар.
Жаңа технологиялар – табыстың кепілі
«Алтын Дән-1» агроөнеркәсіптік кешені 2022 жылы құрылған. 2024 жылы су үнемдеу технологиясы бойынша мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті пайдаланып, 150 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгізді. Жоба құны – 200 млн теңгені құрады. Жаңа технологияның өндірістік қуаттылығы 200 гектарды суғаруға жетеді. Қазіргі уақытта, Қарой жазығына 500 гектарға жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылып жатыр.


«Алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз. Ары қарай тағы да 2000-3000 гектарға енгізу жоспарда бар. Биыл 150 гектардан 4500 тоннаға жуық картоп жинаймыз деп күтіп отырмыз. Әр гектардан 30-35 тонна өнім шығады. Бидай 1000 гектарға егілген, одан 2000 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті «Алтын Дән-1» АӨК-нің директоры Дулат Құлмамыров.
Сарапшылардың пікірінше, жаңбырлатып суару суды 20-30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс топырақтың құнарын сақтап, өнімділікті арттырады әрі уақыт пен еңбекті айтарлықтай азайтады.
Lays чипстеріне арналған картоп Шотландиядан жеткізілді
Шаруашылықтың басты серіктесі – PepsiCo. Компания Lays чипстеріне қажетті арнайы картоп сорттарын талап етеді. Осы мақсатта «Алтын Дән-1» кешені Шотландиядан 80 тонна тұқым әкелген.
«Ауданға тұқымдық бағытта Шотландия елінен VR-808 деген тұқымды алып келдік. Қазір жинау жұмыстары басталды. Бұл ауданға келесі жылы тұқым болады. Егер PepsiCo-мен серіктестік орнатқысы келетін шаруашылықтар болса, тұқымды бізден ала алады. Мәскеуден әкелінген «Лидер Клэр» тұқымы чипс жасауға дайын. Биыл оны Алматы облысында салынып жатқан зауыт қабылдайды», – деді шаруашылық басшысы.
Әлемдік сападағы өнім

Құлмамыровтың айтуынша, ауданда азық-түлік бағытындағы ең жақсы нәтиже көрсетіп отырғаны – Голландиядан әкелінген Артемис сорты. Оны шаруа 2022 жылы Голландия елінен алып келген. Өнімділігі гектарына 40 тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар, бәріне белгілі Германиядан әкелінген Гала тұқымын да ерекше атап өтті. Себебі, олардың өнімділігі гектарына 55 тоннаға дейін барады екен.
Бидай өндірісі де қарқынды

«Алтын Дән-1» агроөнеркәсіптік кешені картоппен шектеліп қалған жоқ. Бидай егуде де жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр.
«2024 жылы жиналған өнімнің 95 пайызы диірменге өткізілді. 1000 тоннасы Өзбекстанға экспортталды. Сонымен қатар, Қонаев қаласындағы «AGRO-FOOD» ЖШС-не өткіземіз. Қалған 1000 тоннамен өзіміздің өңірді қамтамасыз етеміз», – дейді шаруашылық басшысы Дулат Құлмамыров.
Өнім көп – қойма жоқ

Шаруашылық басшысының айтуынша, аудандағы ең басты мәселе қойманың жоқтығы. Аймақтағы үлкенді-кішілі кез келген фермер картоп қоймасына мұқтаж. Өнімін жинаған халық сақтайтын орын болмаған соң, тезірек сатып құтылуға асығады. Ол кезде маусым болғандықтан нарықта картоп онсыз да көп болады. Бірақ кейін қыс пен көктем айларында картоп болмай қалады екен. Ал қойманы жалға алу үшін әр шаруа кемі 3000-4000 тоннаға дейін өнім әкелу керек. Ондай көлемді қарапайым шаруалар игере алмайды. Сондықтан «Алтын Дән» кооперативінің басшысы облыс әкімінен Қарой жазығына 10.000 тонна өнім сиятын картоп қоймасын салуға қаржы қарастырып, көмек көрсетуін сұрады. Бұл ары қарай да PepsiCo-мен серіктестікті жалғастыруға мүмкіндік бермек.
PepsiCo қандай талап қойып отыр?

- Картоп алқабының жері жайлы, топырағы құнарлы болу керек;
- Қажетті техниканың жеткілікті болуы;
- Жаңбырлатып суару технологиясымен жабдықталған болуы керек;
- Ауыспалы егіс – топырақ құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды және танаптарды екі жыл сайын алмастырып отыру жүйесі;
- Жиналған өнімді сақтауға арналған заманауи қойманың болуы.
«Осы талаптар бойынша, қазір жоғарыда аталған 150 гектардан бөлек тағы да Қарой жазығындағы 500 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылып жатыр. Жалпы жоба құны – 780 млн. Қазіргі уақытта, екі су ұңғымасы қазылды, сыйымдылығы 30 мың текше метр болатын су қоймасын салып біттік. Енді 10 қондырғыны құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жердің құнарын сақтау үшін ауыспалы егіс ережесін сақтаймыз, техникамыз жеткілікті. Ендігі мәселе — қойманың жоқтығы. Егер қойма мәселесін шеше алмасақ ол кісілермен үлкен көлемге жұмыс істей алмаймыз», — деп қойманың маңыздылығын атап өтті шаруашылық иесі.
Әкім не дейді?

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев шаруашылық көтерген мәселе орынды екенін айтып, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
«Біз ауыл шаруашылығын әртараптандырып, халықаралық нарыққа шығатын өнімдер көлемін арттыруымыз керек. Бұл үшін заманауи қоймалар салу – басты міндеттердің бірі. Облыс әкімдігі тарапынан қойма салу мүмкіндіктерін қарастырып, қаржыландыру жолдарын пысықтаймыз. Сонымен бірге, басқа да шаруашылықтарды PepsiCo талаптарына сай болуға ынталандыруымыз қажет. Сонда ғана ауылдағы еңбек халықаралық стандарттарға сай бағаланады», – деді облыс әкімі.
Қорытынды
«Алтын Дән-1» агроөнеркәсіптік кешені – Қазақстандағы ауыл шаруашылығының жаңа бағытын айқындайтын үлгі. Жаңбырлатып суару технологиясы, халықаралық серіктестік және заманауи тұқым түрлері – агросектордың болашағын көрсетіп отыр. Алайда өнімділіктің артуымен бірге инфрақұрылымдық мәселелерді шешу де күн тәртібінен түспеуі тиіс.





