Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №156 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы Әдеп жөніндегі кеңестері туралы Ереженің 6-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, 2025 жылдың І жартыжылдығы қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына жүргізілген талдау нәтижелері Алматы облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 9-бабының 4) тармақшасында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуына кепілдік берілген. Ал әлеуметтік кепілдіктер мен оларды қорғау шаралары Заңның 54, 56 және 57-баптарында көзделген. Осыған орай, Агенттіктің бақылау бағыты бойынша 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтау мәселесіне талдау жүргізілді.
Еңбек демалысының сақталуы
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 93-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыс берушінің кестесіне сай немесе тараптардың келісімі бойынша берілуі тиіс. Сонымен қатар, Заңның 54-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге 30 күнтізбелік күн жыл сайынғы еңбек демалысы ұсынылады және екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.
Алайда, талдау нәтижелері бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. 2025 жылдың І жартыжылдығында жергілікті атқарушы органдардың 389 мемлекеттік қызметшісі еңбек демалысына шыққан. Оның ішінде 60 мемлекеттік қызметшіге еңбек демалысына ақы заңда белгіленген мерзімнен кешіктіріліп төленген, бұл жалпы санның 15,4%-ын құрайды.
Аталған бұзушылықтар келесі мемлекеттік органдарда жиі кездескен:
- Жамбыл ауданы әкімдігінде – 12 мемлекеттік қызметші (33%);
- Қарасай ауданы әкімдігінде – 11 мемлекеттік қызметші (28%);
- Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінде – 11 мемлекеттік қызметші (16%).
Қызметтік іссапар шығындарының өтелуі
Заңның 57-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік іссапар шығындары толық және уақытылы өтелуі қажет. Үкіметтің 2018 жылғы 11 мамырдағы №256 қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес, іссапарға шыққан қызметкерге жол жүру ақысы, тұрғын үй жалдау шығыстары және тәуліктік төлемдер іссапарға кетер алдында төленуі тиіс.
Дегенмен, талдау көрсеткендей, бұл талаптар толық көлемде сақталмай отыр. 2025 жылдың І жартыжылдығында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері 647 рет іссапарға жіберілген. Оның ішінде 75 іссапарда тиесілі төлемдер уақытында жүргізілмей, іссапар кезінде немесе кейін төленген, бұл барлық іссапардың 11%-ын құрайды.
Бұзушылықтар келесі мемлекеттік органдарда анықталды:
- Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасында – 7 мемлекеттік қызметші (35%);
- Іле ауданы әкімі аппаратында – 8 мемлекеттік қызметші (21%);
- Балқаш ауданы әкімі аппаратында – 10 мемлекеттік қызметші (16%);
- Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратында – 19 мемлекеттік қызметші (16%);
- Қарасай ауданы әкімі аппаратында – 3 мемлекеттік қызметші (15%).
Бұл жағдай мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін бұзумен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттыруы мүмкін екендігі де атап өтілді.
Қорытынды
Жалпы, жүргізілген талдау кейбір мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтау деңгейі тиісті дәрежеде емес екенін көрсетті. Еңбек демалысына ақы төлеу және іссапар шығындарын өтеу бойынша жүйелі кемшіліктер орын алуда.
Әдеп жөніндегі кеңес бұл бағыттағы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар енгізді.





