Алматы облысы Алатау қаласында бір әулеттің тағдыры мен таңдауы тұтас бір ғылым саласымен — математикамен біте қайнасып жатыр. Бұл — Муратовтар әулеті. Бір отбасының ғана емес, тұтас әулеттің өмірін ғылым мен ұстаздыққа арнауы — сирек кездесетін, бірақ үлгі боларлық құбылыс. Бүгінде осы әулеттен 16 кәсіби математик шыққан.

Осы өнегелі әулеттің бүгінгі буын өкілі, тәжірибелі ұстаз — Муратов Аманқос Аманбаевич. Ол қазір «Алматы облысы білім басқармасының Алатау қаласы бойынша білім бөліміне» қарасты №14 орта мектепте математика пәнінен сабақ береді. Ұлты — қазақ, білімі — жоғары. 1995 жылы Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтын тәмамдаған. Білім беру саласындағы 31 жылдық еңбек өтілі бар. Ұстаз еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» мемлекеттік наградасымен марапатталған.
Ұстаздық — әулеттің өмір салты

Муратовтар әулетінде математика кездейсоқ таңдау емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмірлік жол. Әулеттің негізін қалаған Аманбай Муратов пен жары Фатима Бахтибаева — екеуі де математика пәнінің мұғалімдері болған. Бүгінде әкесі зейнетте, ал анасы өмірден өткен.
Отбасындағы төрт бала — екі әпке, Аманқос және інісі — барлығы бірдей математика саласын таңдаған.
Әпкелері:
Муратова Зулфия Аманбайқызы — Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің математика пәні мұғалімі;
Муратова Рахатай Аманбайқызы — Ақтау қаласында математика пәнінен сабақ береді.
Інісі:
Муратов Атабек Аманбайұлы — Алатау қаласындағы №11 орта мектептің математика пәні мұғалімі.
Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген

Аманқос Мұратовтың өз отбасы да әулет дәстүрін жалғастырып келеді. Жары Джумагалиева Зулхумар Сапарбаевна — №14 орта мектептің математика пәні мұғалімі.
Балалары мен келіні де осы саланы таңдаған:

Муратова Айнур Аманқосқызы — №11 орта мектептің математика пәні мұғалімі, магистр;
Муратов Асқар Аманқосұлы — №14 орта мектептің математика пәні мұғалімі, магистр;
Аманбаева Күмісай Аманқосқызы — №14 орта мектептің математика пәні мұғалімі, магистр;
Дүйсенбаева Дилноза — №14 орта мектепте математика және химия пәндерінен сабақ береді.
Сонымен қатар, жиендері де еліміздің әр өңірінде білім саласында еңбек етіп жүр:
Жалпиков Жәнібек Базарбайұлы — Ұзынағаштағы Абай атындағы мектеп-гимназияда;
Жалпиков Қазбек Базарбайұлы — Алматы қаласындағы «Бөбек» мектеп-гимназиясында, магистр;
Ерғараева Мөлдір Абдураимқызы — Қарасай ауданындағы Керімбеков атындағы мектепте, магистр;
Садуллаев Тұрарбек Тоқсанбайұлы — Ақтау қаласындағы Каспий инженерлік-технологиялық университетінің оқытушысы, магистр;
Садуллаев Әлібек Тоқсанбайұлы — Ақтау қаласындағы №30 орта мектептің математика пәні мұғалімі.

«Біздің үйдегі әр кеш — шағын педсовет»
Аманқос Мұратов әулетінің басты құндылығы — білім мен тәрбие екенін айтады:
«Анамыз бен әкемізді көріп өскесін, өзіміз де осы мамандыққа қызықтық. Таңдауымызға ешқашан өкінген емеспіз. Күнделікті дастархан басындағы әңгіме — математика мен бала тәрбиесі төңірегінде өтетін. Біздің үйдегі әр кеш шағын “педсовет” секілді болатын», — дейді ол.
Ал үйдің кенжесі Күмісай Аманқосқызы отбасындағы ерекше ортаны былай сипаттайды:
«Мен әзірге әулетке соңғы болып қосылған математикпін. Анам да, әкем де осы салада. Жақында жеңгеміз де келді. Ол бастапқыда химия пәнінің мұғалімі болатын, кейін оған да математиканы “үйретіп алдық”», — деп күлімсірей әңгімелейді.
Бір әулет — бір ғылым
Муратовтар әулеті — ұстаздық мамандықтың қадір-қасиетін, білімге адалдықты, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты айқын көрсететін жарқын үлгі. Бір әулеттен 16 математиктің шығуы — тек отбасының ғана емес, тұтас қоғам үшін мақтаныш.
Бұл — сандарға ғана емес, саналы ұрпақ тәрбиесіне арналған өмір жолы.





