Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Балқаш ауданына жасаған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы, әлеуметтік инфрақұрылым және білім беру саласындағы маңызды нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.
Ауыл шаруашылығын дамыту – басты басымдық
Сапар барысында өңір басшысы алдымен аудандағы табысты шаруашылықтардың бірі – «БАУЫРЖАН-7» ЖШС-не барды. 2002 жылы құрылған кәсіпорын 540 гектар суармалы жерді игеріп, күріш, бидай және көпжылдық шөптер өсіреді. Биыл 220 гектарға күріш, 17,5 гектарға бидай, 302 гектарға мал азықтық дақылдар егілген.
Шаруашылық өз қаражаты есебінен 26 миллион теңге инвестиция салып, маусым сайын 20 адамға дейін тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ әкім «СЭМиКО» ЖШС-нің ірі қара мал бордақылау алаңында болды.
2011 жылы құрылған кәсіпорын бүгінде 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр, олардың орташа жалақысы 200–250 мың теңге шамасында. Жобаға 400 миллион теңге жеке инвестиция және 3,2 миллиард теңге Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржы тартылған. Мұндай кәсіпорындар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосуда.

Әлеуметтік бастамалар – халық игілігі үшін
Бақанас ауылында әкім әлеуметтік осал отбасыларға арналған 64 жалдамалы тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Жобаны «BC Lengthy Life» ЖШС жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 1,1 миллиард теңгеден астам. 1 гектардан астам аумақта әрқайсысы 4 пәтерден тұратын 14 екі қабатты және 2 пәтерлі 4 бір қабатты тұрғын үй салынуда. Бұл жоба ондаған отбасының баспана мәселесін шешіп, мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің үлгісі болмақ.
Сонымен қатар, Бақанастағы ішкі көшелерді жөндеу кезінде анықталған бұзушылықтар да назардан тыс қалмады.
«New Wave Stroi» компаниясы 80,1 миллион теңге аванс алғанымен, алты көшедегі жұмыстарды орындамаған. Бұл іс сотқа жолданып, алғашқы отырыс 30 қазанда өтпек.
Әкімнің айтуынша, құрылыс сапасы мен мерзімнің сақталуы – жеке бақылауда.
Қалған көшелердегі жөндеу жұмыстары адал әрі сенімді мердігерлердің күшімен аяқталады.
Білім беру инфрақұрылымы жаңарып келеді
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі М. Сеңгірбаев атындағы орта мектептің қайта жаңарту жұмыстарын да көрді.
Бұл – 1950-жылдары салынған, ауылдағы ең көне мектептердің бірі. Құрылысты «СЭМ Шоғы құрылыс» компаниясы жүргізуде. Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 90 пайыздан асты – темірбетон құрылымдары мен шатыр толық орнатылған, әрлеу және абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Мектеп іске қосылған соң, ол ауыл балалары үшін заманауи, қауіпсіз және жайлы оқу орталығына айналады.
Сонымен бірге, әкім Миялы ауылында 360 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты.
Жобаның жалпы құны – 1,17 миллиард теңге, қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізілуде.
Құрылысты «Асан-М Компани» ЖШС салып жатыр, нысанның дайындығы 95 пайыз.
Жұмыстарды 2026 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Халық мүддесі – басты назарда
Балқаш ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандардың сапалы салынуы, білім беру инфрақұрылымын жаңарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында нақты тапсырмалар берді.
«Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауылдағы өмір мен инфрақұрылымды жақсарту – біздің басты міндетіміз. Әр жоба осы мақсатқа қызмет етуі тиіс», – деді өңір басшысы.
Алматы облысында барлық бастамалар тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге, ауыл экономикасын дамытуға және тұрақты өсімге бағытталып отыр.










