Балалар орталығының аумағы – заманауи талаптарға сай: кең аулалы, ойын алаңдары, түрлі әткеншектер мен тынығу аймақтары бар. Мұнда жаңа шағын кітапхана залы да ашылған. Енді оның алғашқы қорын қоғамдық кеңес мүшелері табыс еткен 60 кітап толықтырып отыр.
Кітаптар мен ерекше футболкалар
Шара барысында әр балаға жас ерекшелігіне қарай ұлттық және әлем әдебиетінен іріктелген кітаптар мен қазақы бейнелер бейнеленген футболкалар сыйға тартылды. Атап айтқанда, Абайдың «Қара сөздері», «Бес арыс», «Киіз үй», «Шаңырақ», «Жеті қазына» сынды мазмұны терең тақырыптар футболкаларға арнайы басылыпты.
Қоғамдық кеңес төрағасы Қазыбек Дауталиевтің айтуынша, сыйлықтар тізімі 1847 атаулы кітапты қамтыған ресми іріктеме бойынша дайындалған. Оның 60%-ы қазақ әдебиеті, 30%-ы шетел шығармалары және 10%-ы орыс тіліндегі кітаптар.
Балалардың кітапқа деген қызығушылығы таңғалдырды
Балалар әдебиетке шынайы қызығушылық танытты. Бірі Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқыса, енді бірі Міржақып Дулатұлының шығармаларын сұратты. Тағы бірі фантастикаға әуес екенін айтып, «Гарри Поттер», «Мстители» мен «Трансформерлерге» қызығушылығын жасырмады.
Спорттық ойын – көтеріңкі көңіл-күй
Шара соңында орталықтағы спорт залда волейбол ойыны ұйымдастырылып, балалар сергіп, ерекше әсер алды.
Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта балалар кітапханасының қорын толықтырып отыруға ниетті. Шараға кеңес мүшелері Зинаш Көпжасарқызы, Сергей Горяной, Рахатулла Тезекбаев және Мөлдір Иманмәди де қатысты.
«Балаларға аз да болса рухани қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз», – дейді ұйымдастырушылар.
Бұл іс-шара – рухани құндылықтарды насихаттап, балалардың кітапқа, білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған нақты қадам. Мұндай қамқорлықтың балалар болашағына берері көп.





