АЭС құрылысы қазір екінің бірінің аузында талқыланып жүрген мәселе. Сұрақ көп, жауап аз. Сондықтан Alataunews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Республикалық ядролық физика институтының ғылыми жетекші маманы Данияр Жансейтовпен сұхбаттасып көрген еді. Ендеше, өткендегі сұхбаттың жалғасын жариялаймыз.
Шет елдер атом энергиясын бұрыннан қолданып келеді. Соның арқасында Америка, Қытай, Франция елдері көш бастап тұр. Енді осындай өндіріс ошағын Қазақстанда да салсақ, біз де дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз ба?
Иә, әрине қосыла аламыз. Сіз айтқан мемлекеттердің өнеркәсіп деңгейі өте жоғары дамыған. Қазақстанға мысалы қазір Президенттің ұстанған саясаты сырттан инвесторлар шақыртып оларға қолайлы жағдай жасау. Ал кез келген Қазақстанға келген инвестордың бізден сұрайтыны ол тұрақты электр қуаты. Егер шетелдіктермен бірге кез келген өнеркәсіп салынатын болса, оларды біз кепілдендірілген түрде 10-15 жыл тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуіміз керек. Ал қазіргі уақытта бізде Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі сезіледі. Жылына біз 3 млрд кВт/сағ шетелден сатып аламыз. Біз электр энергиясына сырттан тәуелдіміз. Егер біз шынымен тәуелсіз болғымыз келсе, осы мәселені бірінші орынға қоюымыз керек. Бізде әзірге бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Бірақ АЭС осы дефицитті болдырмаудың бір элементі.
Әлемде тек 32 елде атом технологиялары бар. Қазақстан осы 32 мемлекеттің құрамына кіреді. Ол бізге жаңа буынды технологиялар алып келеді. Ол біздің өнеркәсібімізге жаңа серпін береді. Біз АҚШ, Франция елдерінің даму деңгейіне жетпесек те, АЭС арқасында олар жүрген ізбен жүріп өтуімізге мүмкіндік пайда болады.
Ядролық энергиядан хабары жоқ, АЭС-тің не екенін білмейтін адамдар. Атом энергиясы десе, бірден полигонды елестетеді, тіпті қорқады. Сол адамдарға не айтар едіңіз.
Әрине, Қазақстан ядролық сынақтардан зардап шеккен елдердің құрамында. Бірақ біз егер, қазіргі уақытта атом энергиясын қарастыратын болсақ, ядролық сынақтар ол – атом энергиясын әскери мақсатта қолдану. Ал қазір бізге ұсынылып отырған технология ол – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану. Бұл екі дүниені біз бір-бірімен салыстыра алмаймыз.
Бейбіт атомды ойлаған кезде ең бірінші біздің ойымызға Атом электр стансасы келеді. Бірақ біз қазіргі уақытта Қазақстанда АЭС жоқ болса да, атом энергиясын күнделікті қолданып жүрміз. Мысалы, біздің физика институтында орналасқан ядролық реактор. Біз ол жақта онкологиялық аурулардың алдын алатын, диагностикалайтын және емдейтін радиофарм препараттарын жасап жатырмыз. Оны біз бейбіт атом энергиясын қолдану арқылы даярлап жатырмыз. Одан бөлек, сіз бен біз түсетін КТ немесе МРТ-ның түбі ядролық технологиялар. Ал ядролық технологиялар бейбіт атомның энергиясын қолданады.
Сондықтан менің айтарым, бізде болған ядролық сынақтар мен атом электр стансасын бір-бірімен салыстыру дұрыс емес. Себебі, олардың мақсаты екі түрлі.
Ендеше, көптің көкейіндегі негізгі маңызды сұрақтарға жауап алдық деген ойдамыз. Сарапшымен сұхбатты саралай келе Атом электр стансасының маңыздылығын түсінген сияқтымыз. Сонымен қатар, атом энергиясы ол — болашақтың энергиясы және кемел келешектің кепілі екеніне көзіміз жетті.
Айта кетейік, 2024 жылдың 6 қазанында Қазақстандағы Атом электр стансасының құрылысы бойынша референдум өтетінін еске саламыз. Біз еліміздің өркендеуі мақсатында қабылданатын кез келген шешімді қолдаймыз.