- “Спорт мектебінің талисманы”
Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылының қара домалақ баласын жергілікті тұрғындар осылай атайды. Себебі, өзі кішкентай болса да, рухы мықты батырдың күні кілемде өтеді екен. “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу”, — дейтін қазақпыз ғой. Спортқа деген құлшынысына сүйсінген ағалары оған спорт киімі мен күреске қажетті заттарын сыйға тартыпты.
Ендеше, болашағынан үміт күттірер білекті балуандарымыз бен олардың намысын жігерлендіріп, сенімділік сыйлайтын ағалары аман болсын әрі арта берсін дейміз.
- «Білімді — мыңды жығады»
Биылғы оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде Алматы облысының түлегі ең жоғары 140 баллды жинап, үздік көрсеткішке қол жеткізді.Мұндай көрсеткіш соңғы рет елде 2021 жылы тіркелген. Максималды межеге қол жеткізген түлек Жаннұр Еңсебек — Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының №22 жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауылдың қарапайым, қара домалақ баласы.
«Мен қарапайым отбасынан шыққан баламын. Анам бастауыш сынып мұғалімі, әкем инженер. Отбасында 2 баламыз. Биыл алтыншы сыныпты үздік аяқтаған қарындасым бар»,- дейді Жаннұр.
Айтуынша, таңдаған пәні — информатика және математика. Сонымен қатар, өзін түрлі техникалар қызықтыратынын айтты.
- Жас Эйнштейн. Мектеп оқушысы әлемде жоқ дүние ойлап тапты
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Қанат Тәжіхан заманауи қалқымалы күн электростанциясын ойлап тапты. Құрылғы қарапайым күн панельдерінен қарағанда 65%-ға көп электр энергиясын өндіреді.
Жас ғалымның айтуынша, жобаның мақсаты күн станцияларының шығындарын өтеу арқылы тиімділікті арттыру.
The Future Solаr Power Plant деп аталатын қалқымалы күн панелінің ерекшелігі арнайы қалқымалы платформаның көмегімен жер бетіне емес, су бетіне орнатылады. Нәтижесінде күн сәулесі суға шағылысып, энергия өндірісі артады. Жас өнертапқыш бұл жобаны 7-сыныптан дамытып келе жатыр екен.
2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары-2023» жобасы аясында 3 млн грант жеңіп алып, биыл мақсатын жүзеге асырып, заманауи әрі ақылды күн панельдерін іске қосты.
- Аудан әкімінің үлгілі орынбасары
Жолды қате төсеп жатқан Қазавтожол жұмысшыларын сынға алған мемлекеттік қызметші естеріңізде болар?!
Бұл Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев.
Видеода жұмысшылардың ескі төсемені қырмай үстінен жаңа алфальт төсеп жатқанын аңғаруға болады. Олқылықты дер кезінде аңғарған әкімнің орынбасары оларға «Кімді алдап жатырсыңдар?», — деп ашуланып, мұндай сапасыз жұмыстың қажет емес екенін ескертті.
Оның айтуынша, жолдың нашарлығы мен оған жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапасыздығынан көлік апаты көп орын алады екен. Сондықтан, аудан әкімдігі өңірдегі барлық құрылыс объектілеріндегі жұмысты қадағалауды қолға алыпты.
- Өз ауылының проблемасын 100 пайыз шешіп тастаған әкім кім?
Алматы облысында, Қаратұрық деген ауылдық округ бар. Аталған аймаққа – Айбек Қасымханұлы Ілебаев басшылық етеді. Округке қарасты Арна және Лавар ауылдарының жарық және жол мәселесі 100% толық шешіліп қойыпты. Ал Ащысай ауылында жарық мәселесі 100% аяқталуға жақын. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, округ бойынша халықтың малмен айналысуы бірінші орында болғандықтан жайылым жер мәселесі 100% шешіліп, мемлекеттік актілері дайын екен. Сонымен қатар, жаңа емхана салынып, спорт кешені ашылды. Өңірде жастарға да жағдай жасалған, мысалы, орталық саябақ ашылды. Одан бөлек, халыққа ең маңызды ауыз су мәселесі мен жаңа мектеп мәселесі де келесі жылы халыққа қолдануға берілуге дайын екен.
Айта кетейік, биыл жазда Қаратұрық ауылдық округі – еліміздегі ең алмалы ауыл атағына ие болды. Ауылда 1000 гектарға жуық аумақта алма тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Ауыл әкімі инвесторлар тартып, ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасап отыр.
«Мен үшін әкімдер алдымен халықтың алдындағы өзіңе деген жауапкершілікті түсіну керек. Екіншіден, дұрыс стратегиялық жоспар құру. Үшіншіден, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатында жергілікті қоғамдастықпен тығыз жұмыс атқару. Төртіншіден мемлекеттік бюджетке дұрыс ұсыныс беру. Сол кезде ауылды көркейтуге болады деп ойлаймын», — деді ауыл әкімі.
Өз өңірі үшін атқарылған еңбекті ескере отырып, Айбек Қасымханұлын да аталған тізімге енгізуді жөн көрдік.
- Қазақстандық Лара Крофт
Форма киген ару жазда TikTok әлеуметтік желісі арқылы танылып, көпшіліктің көзайымына айналды.
Қазақтың қайсар қызының есімі — Қымбат Ахметова. Ішкі істер органдарында қымбат 2015 жылдан бастап, ал арнайы жасақта үшінші жыл қызмет етеді. Лауазымы инспектор, аға лейтенант. Спортта ол бұрын-соңды болмаған биіктерге жетті. Қазір ол қоян-қолтық жекпе-жектен, самбодан және ММА-дан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ал ең үлкен жетістігі – бес жасар ұлы Ерғазы. Қымбат ұлын да кішкентайынан спортқа баулып келеді.
Айта кетейік, қазақстандық Лара Крофт – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылының тумасы. Спортқа әкесі баулыса, ішкі істер саласына келуіне туған ағасы себепші болыпты.
- Гиппократ антына берік дәрігер
Алматы облысында болған жер сілкінісі кезінде, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Абдувалиева Раушан Бекжанқызы ана мен баланы аман алып қалды. Шұғыл жағдайға қарамастан, ол аяғы ауыр әйелге кесарь тілігін жасап, ана мен баланың өміріне араша түсті.
Ауруханның баспасөз қызметінің мәліметінше, сәби отбасындағы 4-ші бала екен. Ал жүкті әйел жер сілкінісін сезбей қалған.
«Нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару кезінде, жан-жағымыз дір ете қалғанын сездік. Бұл жер сілкінісі екендігін түсіндік. Дегенмен, ана мен бала өмірінің қауіпсіздігінің маңыздылығын ойлап, отаны сәтті аяқтауды көздедік. Мен жатырды тігуге кірістім. Әйелге жұлын анестезиясы берілгендіктен, ол нәрестесінің аман-есен дүниеге келгенін түсініп, жақсы сезімде болды», — деген еді Раушан Абдувалиева.
- 35 жылдан кейін еленген ерлік
2024 жылы Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. 9 жыл 10 айға созылған Ауған соғысы туралы деректерге сәйкес, Кеңес одағынан соғысқа 600 мыңнан астам адам қатысқан. Ал аман-есен отанына оралғандар саны — 21 мың 371. Оның 91-і бүгінде Қонаев қаласының тұрғындары.
Солардың бірі, Ауған соғысының ардагері Марат Калгуловтың ерен еңбегі мен ержүректігі еленіп биыл Қонаев қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Ардагерге 35 жылдық мерекелік медалі, Қонаев қаласы әкімінің Алғыс хаты, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің марапаттары табыс етілді.
- Елінің намысын жұдырықпен қорғап жүрген қыз
Қазақ қыздары ежелден ел басына күн туған сәтте ерлермен бірге атқа қонып, батылдығымен ерекше көзге түскен. Ал біз бүгін ерлерге арналған қиын спорт түрін таңдап, әлемдік деңгейде жұдырықтасып ел намысын қорғап жүрген қаракөзіміз жайлы айтамыз. Ол Париж олимпиадасының қола жүлдегері – Назым Қызайбай. Париж төрінде бокстан әйелдер арасында 50 келі салмақта өнер көрсетті.
Айта кетейік, Назым Алматы облысы Іле ауданы Жетіген елдімекенінің тумасы. 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанған. Бірақ ол олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін бірнеше рет пайдалана алмаған еді. Париждегі ойындар – оның алғашқы олимпиадасы.
- Күміспен жазылған тарих
Парижде өткен Олимпиада ойындарының грек рим күресінен күміс жүлдегері – Демеу Жадыраев. Қазақстанның туын әлемде желбіретіп жүрген спортшы күреспен 12 жасынан айналыса бастаған екен. Жылдар бойғы тынымсыз жаттығулар мен жарыс жылдарында ол айтарлықтай жетістіктерге жетті: Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ спорт және туризм академиясының шебері, әскери қызметкерлер арасында Азия және әлем чемпионаттарының қола жүлдегері атанды.
Париждегі Олимпиада ойындарында Жадыраев шешуші белдесуде жапондық атақты палуан Нао Кусакамен кездесті.