«Республикалық бюджет шығыстары 2024 жылғы 24 трлн теңге көлемінде болжануда. Яғни жалпы ішкі өнімнің 17,8%-ін, 2026 жылы – 25,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14,6%-ін құрайды. Сонымен қатар сіздердің қарауыңызға «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы енгізіледі. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 доллар деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге сомасында айқындалды», — деді ол.
Оның мәліметінше, ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, 2025 жылы 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.
«Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы — 68 млрд АҚШ доллары, 2026 жылы — 93,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады. Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, «Ұлттық қордан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңының және «Ұлттық қордан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» жарлығына өзгеріс енгізу жобаларын қолдауларыңызды сұраймын», — деді министр.