«Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек. Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі, тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ахуалдың күрделі екенін атап өтті.
«Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды. Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық. Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден астам мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың айқын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық. Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет», — деді Мемлекет басшысы.