Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жоғары палата депутаттарының бір бөлігі сайланғанына және өзінің Жарлығымен бірнеше сенатор тағайындалғанына тоқталды. Президенттің пайымынша, осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды. Сенат депутаттарының арасында әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. Осылайша, Сенат түрлі санаттағы қоғам өкілдерін барынша қамтыды.
«Бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түскенін айтып, бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастыратынын айтты. Сондай-ақ елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру екенін еске салып, ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Ал жақында ғана басталған Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы екенін жеткізді.
Президент саясаткерлердің жаңа буынын қалыптастырып, оларды елге таныту аса маңызды іс екенін айтты. Оның пікірінше, еліміздегі партиялардың көпшілігі мемлекетшілдік ұстаным бар және алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі.
«Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Әртүрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты мызғымайтынын атап өтіп, сынның негізсіз болмауы тиіс екенін және оның нақты фактілерге сүйенуі қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы сайлаудың елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек екенін атап өтіп, үміткерлерді қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болуға шақырды.
Президенттің пікірінше, қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал сенім – аса маңызды құндылық.
Қасым-Жомарт Тоқаев қиындықтың бәрін ел бірлігінің арқасында жеңіп келе жатқанымызға тоқталып, бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуға шақырды.
«Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз. Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бәріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.
«Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан оны Сенат Төрағалығына лайық деп санаймын. Сенаттың қызметі табысты болсын», – деді Президент.
Жасырын дауыс беру нәтижесінде Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды.