«Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол коалиция құрамына жетекші саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар кіргенін атап өтті.
«Жақын арада мен сайлауалды тұғырнаманы ұсынамын, онда елді жан-жақты трансформациялау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-шаралар көрініс табады», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бүгін AMANAT партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну шешімін қабылдаған болатын. Сондай-ақ бүгін «Қазақстан Халық партиясының» кезектен тыс съезі өтіп, делегаттар алдағы сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.
Бұған дейін Қ.Тоқаевтың кандидатурасын президенттікке мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі ұсынған еді.