2023 жылғы 3 қаңтарда қабылданған «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді, деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Заңда қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленген.
«Қазақстанда Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылады. Ұлттық орталыққа стандартқа неғұрлым сай, оның ішінде сыртқы-конституциялық сипаттамалары, өзге де қасиеттері сәйкес келетін тазы мен төбет іріктеп алынады, олардан кейіннен таза тұқымды иттер шығарылады. Аталмыш орталықтың жұмысына ғалымдар мен білікті кинологтар шақырылады», – делінген Экология министрлігінің хабарламасында.
Еске салайық, Мемлекет басшысы тазы мен төбетті қазақы ит тұқымдары ретінде әлемге таныту міндетін қойған болатын.
«Осыған орай, 2023 жылдың мамыр айында Бельгияның Тюэн қаласында Қазақстан кинологтар одағының президенті мен Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) басшысыvty келіссөздер жүргізді. Кездесу аясында ҚКО-ның FCI-ге толық құқылы мүшелігіне ресми өтінім берілді. Бұл мәселе Халықаралық кинологиялық Федерацияның Бас Ассамблеясында 2023 жылғы 21-22 тамызда Женевада (Швейцария) қаралатын болады», – деп хабарлады Экология министрлігі.