Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті.
Соның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алған.
«Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елдімекендердің халқынан айырылып жатырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Ол сондай-ақ жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданғанын, енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.
Президент ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жібергеніне тоқталды.
«Олар тіркеусіз жүрді. Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек. Сондықтан құқық қорғау органдары осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуы керек», — деді Қ. Тоқаев.