«Біріншіден, бұған дейін басты назар 3-6 жасқа дейінгі балаларды қамту болса, енді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді. Бұл бағытта мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, оның ішінде әсіресе жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша жұмыс ұйымдастырылады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2029 жылдың соңына дейін 2-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтылады. Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды ашуға арналған нақты жоспар әзірленді. Қызметтердің сапасын арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нормативтік талаптары күшейтілді. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі «Ақша баланың соңынан ереді» қағидасына өзгертілді, яғни қаражат ата-ана таңдаған балабақшаларға жіберіледі», — деп жазған министр.
Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіліп, жаңа мемстандарт пен үлгілік бағдарламалар қабылданған. Ал, балабақшалардағы орындарды бөлудің бірыңғай және ыңғайлы ақпараттық жүйесі құрылмақ.
«Бұл балабақшалардағы орындарға мониторинг жүргізуге, жылдам әрі ыңғайлы кезекке қоюға, орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, балалардың кезекке қайталанып тұруын болдырмауға мүмкіндік береді. Өңірлердің балабақшаға тұрған кезегі бойынша деректері денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс, құқық қорғау министрліктерінің деректер базаларымен біріктіріледі. Балабақшаға кезекке тұру, кезек келгеннен кейін балабақшаны таңдап, жолдама алу қызметін egov қосымшасынан да, банк қосымшаларынан да алуға мүмкіндік болады», — дейді Асхат Аймағамбетов.