Сыртқы істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биылғы І тоқсан қорытындысы бойынша қазіргі таңда Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Мысалы, Ресей Федерациясында – 162 мың, Польшада – 13 мың адам, Оңтүстік Кореяда – 6 мың, Ұлыбританияда 5 мың адам еңбек етуде. Түркия, БАӘ, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдануда.
«Азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды еңбекке рұқсат беру жүйесіне қосу мәселесі пысықталуда. Бұл ретте migration.enbek.kz сайтына тіркеле отырып, осы жүйе арқылы жұмысқа орналасуға болады, оны еңбек ұтқырлығы орталықтары жүзеге асырады», – деп нақтылады Комитет басшысы.
Сонымен қатар А. Ертаев жұмыс күші көп және жұмыс күші жетіспейтін өңірлер арасындағы демографиялық айырмашылықты теңестіру үшін ішкі ұтқырлықты ынталандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Биыл «Серпін», «Ауыл аманаты», «Ауыл — ел бесігі»,
«Дипломмен — ауылға» сияқты бағдарламалар арқылы 33 мыңнан астам адамға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
«Биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша еңбек тапшылығы бар өңірлерге 5 мың адам қоныс аударды. Жоспарымыз – 8 652 адам, оның 58%-ы іске асырылды», – деді А. Ертаев.