Егін жинау науқаны басталғаннан бері диқандар 9,2 млн гектар аумақтағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинап үлгерді, деп хабарлайды Alataunews.kz.
Вице-Министр Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, 12 ц/га орташа өнімділік кезінде 11,2 млн тонна астық бастырылды, бір жыл бұрын осы кезеңде 8,6 млн тонна астық жиналған еді.
«Жалпы астық жинаудың болжамды көлемі 18,3 млн тонна, оның ішінде бидай 13,4 млн тоннадан асады деп болжанып отыр. Бұдан басқа, елімізде 3,1 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар, оның ішінде 2,5 млн тонна бидай бар. Бұл республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бір бөлігін экспортқа өткізу және тиісінше біздің дәстүрлі нарықтарымыздағы сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті», – деді Вице-Министр.
Фермерлер қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Жаппай егін жинау жұмыстары басталған кезде тракторлар мен комбайндар паркін жаңарту үшін ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бағдарламасы іске қосылды, оған 40 млрд теңге бөлінді.
Айта кету керек, 2022 жылдың 5 тамызынан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ 1130 бірлік техника сатып алуға 44,7 млрд теңге сомасына 874 өтінім қабылдады. 18,4 млрд теңге сомаға 345 өтінім бойынша қаржылық лизинг шарттары жасалды. 11,9 млрд теңге сомаға 160 өтінім мақұлданды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 423,5 мың тонна жеңілдетілген солярка бөлінді. Диқандар үшін республика бойынша орташа баға литіріне 203 теңгеден болды, бұл нарықтан 15-20% арзан.