Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бүкілармиялық кеңес отырысы өтті.
«Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келер жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30 пайызға артады. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралып жатыр. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады. Олар тұрмысына алаңдамай, ел қорғауға сақадай сай болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметте «әлеуметтік лифттің» болуы маңызды екенін, сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік беруі керек екенін айта кетті. Президенттің сөзінше, қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр.
«Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді ЖОО-ға жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет. Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.