Ол Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының XII жалпы отырысының жұмысына қатысу үшін барған. Сол жиында Қошанов Түркияда жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен аймақтарда әлеуметтік нысандар тұрғызуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғанын жеткізді.
Мәжіліс төрағасы бауырлас елде болған жойқын зілзала барша қазақ халқының қабырғасын қайыстырғанына тоқталып, көңіл айтты. Қазақстанның Түркиямен парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды. Сонымен қатар, Анкарада Қазақстан-Түркия достық саябағы да ашылды. Ресми іс-шараға қатысқан Мәжіліс төрағасы демалыс орнының ашылуы түбі бір, мәдениеті мен тарихы ортақ тамырлас екі елдің достығы мен ынтымағын нығайта түсетінін атап өтті.
«Қазақта «Ағаш тамырымен мықты, адам достарымен мықты» деген сөз бар. Біз Түркиямен достығымызды, бауырластығымызды жоғары бағалаймыз. Болашақта бұл саябақ Анкара тұрғындары мен қонақтары үшін әсем демалыс орнына айналады деп сенеміз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.