Тоқаев Президентті жеті жылға сайлауға неге ұсыныс жасағанын түсіндірді.
«Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін», — деді Президент.
«Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, мемлекет басшысына да абырой әкелмейді», — деді Тоқаев.
«Саяси реформалар елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырды. Бұл Президенттік Республика боламыз деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі», — деді.
Бұдан былай Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін нақты шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді.
«Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек», — деді Тоқаев.