«Медициналық білім беру жүйесін дамыту – басты міндеттің бірі. Қарағанды медицина университеті бүкіл еліміз үшін білікті мамандар даярлайды. Бұл оқу орнын дәрігерлер ұстаханасы деуге болады. Құзырлы министрлік университеттер жанынан 5 аурухана салу туралы жоба ұсынды. Соның бірі Қарағандыда салынады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, университет клиникасының құрылысы келесі жылы басталуы керек. Оны заманауи құралдармен жабдықтау қажет. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен ел көлемінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Алдағы 3 жылда Қарағанды облысында 28 мыңнан астам балаға арналған жаңа мектептер салынады. Келесі жылы құрылыс басталады. Қасым-Жомарт Тоқаев жер телімін бөлу және оны коммуналдық желілерге қосу мәселесі қазірден бастап шешілсін деді.
Сонымен қатар Қарағанды қаласының үшінші жылу нүктесінің құрылысын аяқтау үшін қажетті қаражат бөлуді тапсырды.
«Қарағандылықтар қала ішінде жергілікті жылу электр орталығына жаңа күл үйіндісін салуға қарсы екенін білемін. Халықтың наразылығы орынды деп ойлаймын. Сондықтан облыс әкімдігі бұл жобаны жұртшылықтың пікірін ескере отырып жүзеге асыруы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.