Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке отандық мұнай сервисі компанияларына шетелге жол ашу үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
«Бұл мәселені шешумен өз деңгейінде айналысып жүрген салалық бизнес пен қауымдастықтың әлеуетін барынша жұмылдыру керек. Бүгінде шетелдік компаниялар отандық тауар экспорттаушыларды дәстүрлі өткізу нарықтарынан ығыстырып жатқаны байқалады. Мысалы, бұл Иранға жеткізілетін Қазақстан астығына қатысты айтылып отыр. Осындай қауіп Ауғанстан мен Орталық Азия бағытында да бар», — деді содан соң Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанмен көршілес елдердің ұлттық валютасының жағдайы еліміз үшін маңызды тауар түрлері бағасының құбылу ықтималдығын күшейте түскенін жеткізді.
«Үкіметте ұлттық экономика үшін маңызды саналатын астық және басқа да тауарлар бойынша ішкі нарықты тұрақтандырудың нақты әрі ашық алгоритмі болу керек.Белгіленген баға бойынша ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға, жанар-жағармай импортына тыйым салуға, тауар басқыншылығына, экспортқа немесе квотаға тыйым енгізуге қатысты қандай жағдай болсын, бизнес мемлекеттің бағаны тұрақтандыру тетіктерінің қандай түрін қолданатынын анық түсінуге тиіс.Салалардың басымдығына, жобаның маңыздылығына және оның экономикаға әсеріне қарамастан, орта мерзімді преспективада кәсіпорындарды қолдаудың нарықтық емес механизмдерінен, әсіресе, жаппай субсидиялаудан кезең-кезеңмен бас тарту керек», — деді Тоқаев.
Сонымен қатар ол кепілдік беру механизміне және қаржылай қолдаудан тыс шараларға көшкен жөн деп санайды. Мемлекеттік реттеу мен шектеулердің орнын сұраныс пен ұсыныстарды «оңтайлы басқару» алмастыруға тиіс.
«Осы ретте Азық-түлік корпорациясының әлеуетін толық пайдалану қажет. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым», — деді Президент.