Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн.
Бұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында айтты.
Президент сөзінде таяуда Ғылым мен жоғары білім саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанан атап өтті. Енді ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет.
«Әлихан Асханұлы, ғылымға көбірек инвестиция тарту үшін салық жүктемесін жеңілдету арқылы ынталандыру мүмкіндіктерін қарастырыңыз. Бізге салық саясатында, жалпы алғанда, икемді тәсілге көшу керек деп ойлаймын. Азайтуға мүмкіндік бар жерде, қорықпау керек. Түптеп келгенде, Салық кодексі осы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін қарапайым нормативтік акт болуға тиіс. Бүкіл Салық кодексін мың беттен тұратын қасиетті кітапқа айналдырмайық. Осыған келісейік», — деді Мемлекет басшысы.
Бұл жеңілдіктер ҒЗТКЖ мен ғылыми орталықтардың дамуын қаржыландыратын кәсіпкерлерге берілуге тиіс. Мұндай тәжірибе Сингапурда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда өз тиімділігін көрсетті. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек.