«Жетінші мәселе. Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек.
Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек.
Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылуы керек. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз – осы», — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назарда ұстау керегін айттты.
«Тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармаған жөн. Балаларымыздың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру аса маңызды.
Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секілді ұғымдарға атүсті қарамаған. Яғни, төл мәдениетіміз де жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықты дәріптеу үшін балаларды жастайынан еңбекке баулу қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек, діни ұстанымға байланысты мектеп төңірегінде туындайтын мәселені де тілге тиек етті.
«Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс.
Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.
Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», — деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымының алдындағы зор міндетті атап өтті.
«Білім беру саласының алдында ауқымды міндет тұр. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек. Бәріміз осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек етуіміз қажет.
Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген. Сіздер осы қастерлі миссияны әрдайым абыроймен атқарасыздар деп сенемін.
Мемлекет ұстаздардың мәртебесі, беделі жоғары болуына әрдайым баса мән береді», — деп түйді сөзін ҚР Президенті.