Президент Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жаңадан бой көтерген Қазақ сазды-драма театрының ғимаратын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорда.
Осы шығармашылық ұжымда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан театр директоры Біржан Жалғасбаев өнер ордасының ұжымы бертінге дейін «Энергетиктер сарайын» паналағанын, осы жылдар ішінде түрлі жанрда қойылымдар сахналап, халықаралық, республикалық байқауларда жүлде алғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа ғимаратқа көшкен ұжым репертуарын жаңартуға, шетелдік және отандық өнер ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Президент «Мағжан» пьесасынан үзінді тамашалап, театрды аралады. Содан кейін Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен әңгімелесті.
Президент қоғам белсенділерімен елдің дамуы және өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту қажет екенін айтты.