«Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс», — деп пікір білдірді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы келер жылы өтетін Болашақ саммитінде Қазақстан қолдаушы рөлін атқаратынын атап өтті.
«Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқарады», — деді Президент.
Бұған қоса Президент БҰҰ залына жиналған мемлекет басшылары адамзаттың болашағына жауапты екенін баса айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдайларға қарамастан біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатқанын атап өтті.