Сонымен қатар, Бектенов Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойғанын және Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінгенін айтты.
«Энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізілді. Енді «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуы тиіс», — деді премьер-министр.
Олжас Бектенов барлық әкімдердің қызметін тікелей қадағалап отырғанын жеткізді.
«Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Мен өңірлерге сапарым кезінде президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», — деді Бектенов.