«Мен мұны дұрыс сапар деп есептеймін. Себебі, Ұлы Отан соғысы мен Ұлы жеңіс – біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан барлық бауырлас мемлекеттердің басшылары сол парадта болды. Мұны соғыста қайтыс болған аталарымызға, әкелерімізге арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ деп есептеймін», — деді Қошанов.
Қошанов атап өткендей, Қазақстаннан 1,2 млн-ға жуық адам соғысқа қатысқан.
«Оның жартысы соғыстан оралмады. Олардың көбі Ресейде жатыр. Олардың іздеушісі, жоқтаушысы болуы керек пе, болмауы керек пе? Менің ойымша, ол іздеуші, ол жоқтаушы – қазақ халқы, Президент болуы керек. Президенттің сапарына зерделеп қарасаңыз, ол алдымен Астанадағы Отан қорғаушылар мемориалына барып, гүл шоғын қойып, ерлікпен көз жұмған Отан қорғаушыларға тағзым етті. Сонымен бірге ардагерлерімізге Халық қаһарманы атағын берді. Содан кейін Ржев қаласына барды. Онда 22 мың қазақстандық азамат соғыста қаза болған. Олардың бәрінің аты-жөні тасқа қашалып жазылған. Солардың бәріне зиярат жасау үшін Президент сол жерге барды. Өзіміздің дәстүріміз бойынша Құран да оқытты. Жоқтаушысы болып барды», — деп айтты Мәжіліс спикері.
Қошанов ол жерде Президенттің әкесінің туған ағасы Қасым Болтаев та жерленгенін айтты.
«Сондықтан бұл сапарда Президент өзінің азаматтық борышын, перзенттік борышын және президенттік борышын атқарып келді деп есептеймін», — деп жауап берді Ерлан Қошанов Мәжілістің кулуарында.