Премьер-министрдің айтуынша, әзірленіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасы мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескеруі тиіс, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
- Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыру және оны ағымдағы жылдың соңына дейін Парламенттің қарауына енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
- Ведомстволардың салалық қызметі бойынша маманданған спикерлердің сапалы пулын қалыптастыру қажет. Олар мемлекеттік органдардың қызметі туралы түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыруы тиіс.
- Мемлекеттік органдардың ресми өкілдері, баспасөз хатшылары ресми хабарларды берудің жаңа форматына көшуі керек. Күрделі кәсіби тілде жазылған «құрғақ» пресс-релиздерді көбейту тәжірибесімен ғана шектелуге болмайды, деп атап өтті Үкімет басшысы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың хабарлауынша, Қазақстанда 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген.
- 2021 жылы 166 телеарнаның ішінде үздік 10 – қа 6 қазақстандық телеарна, оның ішінде 3-мемлекеттік телеарна кірді.
- Соңғы 5 жылда мемлекеттің қолдауымен 3500-ден астам сериядан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Олардың 50-ден астамы Сингапур, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстанға сатылды.
- Ақпарат саласын дамытудың Ұлттық жоспарын іске асыру шеңберінде мемлекеттік баспа БАҚ-ты қайта ұйымдастыру және оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді.
- 2020-2021 жылдарға арналған Медиасфера мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспардың арқасында 4 мыңнан астам журналист медициналық, экологиялық, діни және IT-салаларында оқыту курстарынан өтті.