«Біз бірлесе отырып, Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды облыс орталығына айналдырамыз. Үкіметке осы мәселелерді шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырамын. Облыс орталығын Қонаевқа көшіру жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту қажет. Жаңа облыс орталығына жаңа бас жоспар керек. Бұр ретте қаланың жаңа мәртебесін ескеру маңызды», — деді ҚР Президенті.
Оның айтуынша, Алматы облысы – халқының саны ең көп аймақтардың қатарында. Мұнда медицина мекемелерін салу – басты міндеттің бірі. Қазіргі ауруханалар мен емханаларды заман талабына сай жаңғырту қажет. Бұл жұмыс азаматтарымыздың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
«Бүгінде облыста 396 денсаулық сақтау мекемесі бар. Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Қазір облыс тұрғындары дәрігерге қаралу үшін көбіне Алматыға барады. Сондықтан, денсаулық сақтау мекемелерінің тапшылығы қатты сезілмей отыр. Бірақ, қаланың мүмкіндігі шексіз емес. Шаһардың медицина инфрақұрылымы шамадан тыс жұмыс істеп жатқаны белгілі. Облыс әкімдігі қай жерге қанша емдеу мекемесі қажет екенін мұқият зерделеуі керек. Содан соң Үкімет нақты шараларды қабылдайды», — деді Мемлекет басшысы тұрғындармен кездесуінде.