Модератор Александр Шохин Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі қабылданған стратегиясында өзара инфрақұрылым байланысы, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс – Шығыс» дәліздері және үшінші елдермен арадағы қатынастар секілді перспективті бағыттар қамтылған ба деген сұрақ қойды.
Президент өз сөзінде форумға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жиынға шақырғаны және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы форум қатысушыларына өткен аптада ҚХР-ға мемлекеттік сапармен барғанын, сапар аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығының іргетасын қалағанын жеткізді. Президент бұл порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға тікелей контейнер пойыздарын жөнелтетін негізгі хабқа айналатынына сенімді. Сонымен қатар Бақты – Аягөз учаскесінде теміржол байланысын іске қосу және ҚХР бағытында бөлек шекара өткелін салу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ТМД, ҰҚШҰ аясында, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық шеңберінде жақын серіктестерімен әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға дайын. Форматтарды араластыру бастапқы мақсаттан ауытқып, ресурстарды зая кетіруге әкеп соқтыруы мүмкін.
Сонымен қатар форумда Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйледі. Сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бейнеүндеуі көрсетілді.