Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сәрсенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі кезеңде облыстың экономикасында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8%-ға өскен, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2%, сауда – 103%, құрылыс – 114,3 пайызға артқан. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалуға ниетті.
Президент азаматтардың сенімін ақтау, сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау маңызды екенін айтты.
Облыс әкімі хабарлағандай, жоғары инвестициялық тартымдылығы бар экономика секторларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, құрылыс, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм салалары.
Мемлекет басшысына әкімшілік-аумақтық реформалардан кейінгі жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, Алматы облысы мен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына өзгерістер енгізілетіні жөнінде ақпарат берілді. Әкімнің айтуынша, құрылыс, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм сияқты экономиканың инвестициялық тартымды секторларына ерекше көңіл бөлінеді.
Марат Сұлтанғазиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс орталығын Қонаев қаласына көшіру жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар жөнінде есеп берілді.
Президент жаңа әкімге облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.
«Жалпы, 5 айдың қорытындысы бойынша өңірдің даму қарқыны барлық көрсеткіштер бойынша республикалық орташа деңгейден жоғары. Халықтың өмірін жақсарту, тиісті инфрақұрылымды – газ желілерін, су ресурстарын, жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету бөлігінде нақты тапсырмалар берілді. Алматы әкімдігімен бірлесіп агломерация мәселелері, ал Үкіметпен ирригациялық жүйе мәселелері және басқа да ірі жобалар пысықталатын болады», – деді кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.