Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылады. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.
«Биыл алғаш рет мектептегі тәрбие бағдарламасына қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерінің оқу дәрістері енгізіледі. Яғни аталған күштік құрылымдардың қызметкерлері өз тәжірибелерін бөліседі», — деді Бейсембаев тамыз кеңесінде.
Ол министрлік оқу сауаттылығының рөлін күшейтуге, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітап арқылы тәрбиелеуге көп көңіл бөлетінін атап өтті. Қазір білім беру ұйымдарындағы көркем әдебиет қоры 3,7 млн данаға ұлғайды.
Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы» жобасы іске асырылуда. Оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерімен толықтыру жоспарланып отыр. Бұл жоба ұлттық құндылықтар негізінде балаларды тәрбиелеуге және жалпы кітапқа деген қызығушылықты оятуға бағытталған, деп толықтырды оқу-ағарту министрі.