«Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі отбасыларды, әйелдерді, балалар мен жастарды қолдау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Орталық деңгейде мемлекеттік отбасылық және жастар саясатын іске асыру жөніндегі функциялар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетіне жүктелген. Комитет отбасы саясаты саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізеді. Мемлекеттік отбасы саясаты саласында салааралық үйлестіру; орталық, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де субъектілердің отбасылық саясат мәселелері бойынша қызметін үйлестіру; отбасы саясаты саласындағы нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторингті жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жүзеге асырады», — деп атап өтеді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған түрлі бағдарламалық құжаттар білім беру саласында іске асырылатындығына байланысты Оқу-ағарту министрлігінде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жұмыс істейді. Оның міндеттеріне бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, оларды кемсітуге жол бермеу және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін нығайту, сондай-ақ бұзушылықтар болған жағдайда олардың құқықтарын қалпына келтіру кіреді.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті білім беру саласында балалардың құқықтарының сақталуына мониторинг және бақылау жүргізеді. Оның ішінде ерте кезеңдерде бұзушылықтар мен проблемалар анықталады және оларды жою бойынша шаралар қабылданады. Балаларды білім беру процесіне интеграциялау және тағы басқалары қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз құзыреті аясында азаматтарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Сіздің ұсыныстарыңызды ескере отырып, отбасы, әйелдер, балалар және жастар мәселелері жөніндегі бір уәкілетті органды нақтылау мәселесі пысықталуда. Егжей-тегжейлі қарастырып, шешім қабылданғаннан кейін қосымша ақпарат жолданатын болады», — деді Әлихан Смайылов.