«Екібастұз қаласында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек. Апатқа себеп болған барлық мәселені шешу қажет. Энергетика министрлігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, Екібастұз жылу мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізсін.
Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай болып отыр. Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, ол Энергетика және Индустрия министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердегі энергетикалық объектілерге толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды.
«Үкіметке тиісті ақпаратты енгізсін. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру керек. Апат қаупі жоғары объектілер бойынша жабдықтар мен инфрақұрылымына ерекше назар аудару керек. Барлық жылу және энергия жүйесінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізу керек», — деді Үкімет басшысы.